Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өз қызметтерін қалай цифрландырды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын әртараптандыру, шикізат емес экспорт көлемін арттыру және мемлекеттік секторды жан-жақты цифрландыру жұмысының стратегиялық маңызын айрықша атап өтті. Президент басымдық беріп отырған мәселелер - бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін, тұтас даму парадигмасы. 2026 жылдың Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы заманауи технологияларды сыртқы сауда жүйесінің басты қозғаушы күшіне айналдыруға берілген айқын серпін екені сөзсіз.
Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолында «Бәйтерек» холдингі құрамындағы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) ұлттық институт ретінде өз қызметін толықтай цифрлық жүйеге көшірді. Осыдан біраз уақыт бұрын экспортты қолдау мен қаржылық құралдарға қол жеткізу ұзақ бюрократиялық рәсімдерді, толассыз мақұлдаулар мен қағазбастылықты талап етсе, бүгінде отандық сыртқы сауда экожүйесі түбегейлі сапалы өзгерісті бастан кешіріп жатыр. Қолдау құралдарының жылдамдығы мен функционалдығы халықаралық финтех-платформалардың стандарттарына толығымен сәйкес келеді.
Бүгінгі жаһандық саудада тек тауардың бәсекеге қабілетті бағасы мен сапасы жеткіліксіз. Клиентке бағытталған икемділік, шешім қабылдау мерзімі, транзакциялық шығындарды азайту және шетелдік контрагенттердің төлем қабілетсіздігі тәуекелдерін жедел сақтандыру басты басымдыққа айналды. Халықаралық экспорттық-кредиттік агенттіктердің трансформациялану тенденциясына сай, қазақстандық ЭКА да дәстүрлі сақтандыру компаниясынан аналитикалық деректерді, қаржылық-сақтандыру құралдарын және клиенттік сүйемелдеуді біріктіретін біріңғай цифрлық платформаға айналды.
Бұл экожүйенің іргетасы екі іргелі технологиялық шешімнен тұрады:
-
«Экспорттаушының жеке кабинеті»: жүйе «өтінім – құжат жинау – сарғая күту» түріндегі классикалық процесті тарих қойнауына жіберді. Енді кәсіпкерлер қашықтан онлайн-тіркеліп, өзіне қажетті сақтандыру өнімін икемді алгоритм арқылы таңдайды. Өтінім беруден бастап, сақтандыру полисін ЭЦҚ арқылы бекітуге дейінгі барлық цикл толығымен цифрландырылған. Қазірдің өзінде 150-ден астам өндірістік кәсіпорын осы портал арқылы сақтандыру мен кепілдік беруден бастап, экспорталды қаржыландыруды қамтитын 20-дан астам құралға кедергісіз қол жеткізіп отыр.
-
«Экспорттаушылар витринасы»: сыртқы нарықтарға арналған «Made in Kazakhstan» брендінің цифрлық маркетплейсі. Каталогта АӨК, тамақ, химия, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, машина жасау және құрылыс салаларының өнімдері топтастырылған. Бүгінде платформада 465 отандық экспорттаушының 1200-ден астам тауарлық позициясы орныққан. Негізгі артықшылығы — мұндағы әрбір компания Агенттіктің кешенді комплаенс-бағалауынан өтіп, «ЭКА тексерген» сапа белгісіне ие болады. Бұл халықаралық сатып алушылар тарапынан ақпараттық асимметрия мен сенімсіздікті жоятын басты сауда триггері.
Президент Жолдауында аталғандай, цифрлық трансформация — сыртқы интерфейсті әдемілеу емес, ішкі бизнес-процестерді (BPM) терең оптимизациялау. Агенттік өзінің ішкі андеррайтингтік жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) мен Big Data аналитикасын толығымен енгізді.
-
ЖИ-андеррайтинг: интеллектуалды алгоритмдер шетелдік контрагенттердің қаржылық жағдайын, несиелік тарихын және саяси-юрисдикциялық тәуекелдерін лезде талдайды. Бұл отандық экспорттаушылар үшін сақтандыру лимиттерін бекіту уақытын бірнеше есеге қысқартты.
-
Blink ЖИ-платформасы: келіссөздер мен халықаралық сауда мәмілелерін сүйемелдейтін арнайы модуль. Сервис аудиоматериалдарды нақты уақытта транскрипциялап, негізгі шарттарды саралайды және хаттамаларды автоматты түзеді. Бұл адами фактордан кететін операциялық қателіктерді барынша азайтады.
Цифрлық экожүйенің іске қосылуы мен бизнес-процестердің ашықтығы нақты сандық индикаторлармен дәлелденіп отыр. Осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Агенттік қазақстандық 78 экспорттаушыға 514 миллиард теңгеден астам сомаға қаржылай-сақтандыру қолдауын көрсетті.
Мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік-экономикалық маңызы да арта түсті: қолдау тапқан жобалардың 63 пайызы шағын және орта бизнес секторларына тиесілі. Ал жүзеге асырылған шаралардың жиынтық мультипликативті экономикалық тиімділігі 1,7 триллион теңгені құрады.
Қазіргі дәуірде экспорт — бұл тек тауар логистикасы емес, бұл — деректер ағыны, шешім қабылдау жылдамдығы және сақтандырылған сенімділік. Агенттік 2026 жылы сервистерді одан әрі тереңдете цифрландыруды, екінші деңгейдегі банктермен бірлескен экспорттық несиелерді портфельдік сақтандыруды және экспорталды қаржыландырудың цифрлық желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы белгілеп берген даму векторларына сәйкес, ЭКА цифрлық мүмкіндіктері — отандық өңдеуші сектордың сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, қолжетімді әрі сенімді инфрақұрылымы болып қала береді.
