Өндірістің өрісі – экспорт: Отандық өнім әлем нарығына қалай шығып жатыр?
Жылдар бойы әлемдік нарыққа негізінен шикізат жеткізген Қазақстан енді «донор» елдің рөлінен дайын өнім өндіруші мемлекетке қарай бет бұрып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттырудың маңызын бірнеше рет атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл бағыттағы өзгерісті нақты көрсеткіштерден де байқауға болады. Биылғы жеті айда еліміздің шикізаттық емес экспорты 19,5 пайызға өсіп, 18,6 млрд долларға жетті. Сапалы тауар шығару – істің тең жартысы ғана. Оны шетелдік нарыққа сату кәсіпорынға жаңа табыс көзімен қатар, үлкен қаржылық тәуекелдерді де ала келеді. Мәселен, шетелден ірі тапсырыс түскенде шикізат пен құрамдас бөлшектерді алдын ала көп көлемде сатып алу қажет. Ал жөнелтілген дайын өнімнің ақшасы бірнеше айдан кейін ғана қолға тиюі мүмкін. Оған шетелдік сатып алушының төлемді кешіктіру немесе келісімді мүлде орындамау қаупін қосыңыз. Мұндай кассалық үзіліс кезінде конвейерді тоқтатпай, тапсырысты уақытында орындау үшін шұғыл айналым қаражаты қажет. Дәл осы тұста отандық өндірушілерге Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) қол ұшын созады.
Экспортқа жол ашатын тетік
Биылғы сегіз айдың өзінде ЭКА 78 отандық компанияға 514 миллиард теңгеден астам қолдау көрсеткен. Назар аударарлық жайт: бұл қаражаттың 63% алып корпорацияларға емес, нағыз экономиканың қозғалтқышы саналатын шағын және орта бизнес жобаларына тиесілі. ЭКА дерегінше, осы уақыт аралығында қолдау көрсетілген жобалардың Қазақстан экономикасына тигізген жалпы әсері 1,7 триллион теңгеге бағаланған. Оған экспорттан түскен табыс, өндірілген өнім көлемі, ашылған жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдері толық кіреді.
Агенттік қоржынында 25 қаржылық, сақтандыру және кепілдік беру құралдары бар. Ең көп сұранысқа иесі – банктен тартылатын несие тәуекелдерін сақтандыру құралы. Мемлекеттік кепілдік банк үшін қауіпті нөлге теңестіреді де, экспорттаушыға қажетті айналым қаражатын еш кедергісіз, жылдам алуға жол ашады. Кәсіпкер бұл қаржыны бірден шикізат алуға жұмсап, өндірістік циклді үзбей жалғастыра береді.
Экспорттағы тағы бір үлкен тәуекел – шетелдік серіктеспен есеп айырысу. Халықаралық саудада тауарды «алдымен ал, кейін төле» шартымен жөнелту тәжірибесі кең тараған. Бірақ импорттаушы қаржыны кешіктірсе немесе міндеттемесін орындамаса, оның бар салмағы біздің өндірушіге түседі. ЭКА мұндай тәуекелдерді де сақтандырады. Агенттік әлеуетті шетелдік серіктестің сенімділігін алдын ала бағалап, мәміленің ерекшелігіне қарай қажетті қорғаныс құралын ұсынады.
«Біздің қолдауымыз қатып қалған бір ғана құралмен шектелмейді. Мәселен, біреуіне келіп түскен тапсырысты орындау үшін қаражат шұғыл керек болса, екіншісіне шетелдік сатып алушының төлем жасамау қаупін төмендету маңыздырақ. Сондықтан әр қолдау құралы өндірушілердің қажеттілігіне қарай жеке қарастырылады. Бізге сыртқы нарықта бұрыннан жұмыс істеп жүргендер ғана емес, экспортқа енді қадам басқандар да жүгіне алады», дейді Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі PR-қызметі басшысының орынбасары Мұхтар Жәмішжанов.
Бұл механизмнің қағаз жүзінде емес, нақты өмірде қалай жұмыс істейтінін білу үшін жұмыс қайнап жатқан зауыт қабырғасына назар аударайық.
Қарапайым металдан дайын өнімге дейін
Түркістанда орналасқан «Жасыл суық Қазақстан» ЖШС 2024 жылдан бері сауда және қоғамдық тамақтану орындарына арналған заманауи коммерциялық тоңазытқыштар мен мұздатқыштар шығарады. Өнімге сыртқы нарықтан сұраныс артқан сайын кәсіпкер алдында жаңа міндет тұрды: шетелдік тапсырыстарды уақытында үлгеру үшін өндіріс ауқымын тез арада кеңейту.
Бұл мақсатпен зауыт 1 миллиард теңге қаражат тартты. Ал ЭКА өз кезегінде қаржы ұйымының тәуекелдерін толық сақтандырып берді. Нәтижесінде кәсіпорын қажетті шикізат пен қосалқы бөлшектерді алдын ала сатып алып, шетелдік тапсырыстарды үздіксіз орындауға мүмкіндік алды. Айналымға түскен инвестиция өндіріс қуатын бірден еселеуге жол ашты.
Мұның нақты нәтижесін алып өндіріс алаңынан көруге болады. Мұндағы процесс қарапайым табақ металды өңдеуден бастау алады. Темір арнайы жабдықта дәлдікпен кесіліп, қажетті пішінге келтіріліп иіледі де, берік етіп дәнекерленеді. Осылайша болашақ тоңазытқыштың негізгі корпусы дүниеге келеді. Одан кейін күрделі тоңазыту жүйелері мен электроника орнатылып, құрылғы толықтай жинақталады.
Жұмыстың ең жауапты кезеңі – сапа бақылауы. Зауыттың жеке зертханасында әрбір аппарат қатаң сынақтан өтіп, жұмыс істеу қабілеті тексеріледі. Тек барлық стандартқа сай келген жабдық қана тапсырыс берушіге жөнелтіледі. Жансыз темір табақтан бастап, тоққа қосуға толық дайын жабдыққа дейінгі бүкіл цикл тікелей Түркістанда жүзеге асады.
Бүгінде компаниядағы өңдеу тереңдігі 55%-ға жеткен. Кейбір бөлшектер сырттан әкелінгенімен, негізгі материалдар отандық нарықтан алынады және басшылық жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр.
Зауыттың техникалық әлеуеті жылына 78 мың данаға дейін жабдық шығаруға қауқарлы. Былтыр мұнда шамамен 30 мың дана өнім өндірілсе, биыл бұл межені 50-60 мыңға жеткізу көзделген. Қазір конвейер басында 350 адам еңбек етіп жатыр. Олардың қатарында қарапайым жұмысшылардан бөлек, білікті инженер-техниктер, механиктер мен сапа бақылаушылары да бар.
Жаңа нарықтарды игеру
Өнім көлемі артқан сайын, сыртқы нарықтың маңызы да арта түсті. Түркістаннан шыққан тоңазытқыштар қазір Өзбекстан мен Қырғызстанға белсенді түрде экспортталып жатыр. Алғашқы бағыт ретінде Өзбекстанның таңдалуы кездейсоқ емес: көрші елдің географиялық жақындығы логистикалық шығындарды азайтса, ондағы дамып келе жатқан сауда саласы мұндай жабдықтарға деген үлкен сұранысты тудырып отыр.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауының арқасында айналым қаражатын толықтырып, жұмыс ауқымын күрт ұлғайта алдық. Былтыр шамамен 30 мың дана өнім шығарсақ, биыл оны 50-60 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Экспорттың үлесі де 20 пайыздан 25 пайызға өсті. Ендігі мақсатымыз – бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін жеткізіп, тауарымызды жаңа нарықтарға шығару», дейді «Жасыл суық Қазақстан» ЖШС қаржы директоры Әбділәкім Гүлбахрам.
Кәсіпорынның келесі стратегиялық нысанасында Түрікменстан, Тәжікстан және Кавказ елдері бар. Өнім көлемінің артуы жаңа нарықтарды іздеуге итермелесе, экспорттағы жаңа тапсырыстар зауыттың әлеуетін толыққанды пайдалануға жол ашады. Осылайша ішкі жұмыс процесі мен экспорт бірін-бірі толықтыратын ажырамас тізбекке айналып отыр.
Өңірден – әлем нарығына
Бір ғана зауыттың бұл тәжірибесі – шын мәнінде бүтін бір экономикалық тізбектің шағын көрінісі. Биылғы сегіз айда ЭКА Түркістан облысындағы экспорттаушыларға 10 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіп үлгерген.
Агенттік қолдауын алған кәсіпорындар қатарында тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығын өңдеу, металлургия, химия және күрделі машина жасау салалары бар. Бүгінде отандық тауарлар Орталық Азия елдерімен шектелмей, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Германия, Әзербайжан, Беларусь, Хорватия және Моңғолия сияқты ауқымды нарықтарға да сәтті жол тартып жатыр.
Экспортты қолдаудың түпкі мәні – тек шетелге тауар сату емес, оның орасан зор еселенген мультипликативті әсерінде. Экспорттық тапсырыс көбейген сайын, кәсіпорын қақпасынан әрі қарай бүкіл ішкі экономика іске қосылады: шикізат пен бөлшектерге сұраныс өседі, логистика жанданады, мыңдаған жұмыс орны сақталып, бюджетке түсетін салық еселенеді. Бір компанияның шекара асуы осылайша басқа салаларға да қозғалыс береді.
Мұхтар Жәмішжановтың айтуынша, Экспорттық-кредиттік агенттік Үкіметтің өңдеу секторын дамыту және шикізаттық емес экспортты ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында қызмет көрсету үдерісін толығымен цифрландырған.
Ендігі жерде «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы өтінім жіберуден бастап, оның өңделу мәртебесін қадағалауға дейінгі барлық операция онлайн түрде қолжетімді. Биылдың өзінде бұл жүйе арқылы 120-дан астам өтініш оң шешімін тапты. Бұдан бөлек, отандық тауарларды сыртқы нарыққа танымал ету мақсатында «Экспорттаушылар сөресі» бірыңғай платформасы жұмыс істеп тұр. Бүгінде аталған электронды сөреге 465 отандық кәсіпорынның 1 200-ден астам өнімі орналастырылған.
Түркістандағы тоңазытқыш зауыты осы үлкен механизмнің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін дәлелдейтін айқын мысал. Уақытылы берілген қаражат айналымға түсіп, кәсіпорынның тынысын ашады. Өнім көбейген сайын жаңа нарық қажет болады, ал экспорттағы сұраныс өндірістік желінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне кепіл болады. Шикізаттан дайын өнімге, зауыттан әлемдік сөреге дейінгі осы жол ұзарған сайын, Қазақстанның жаһандық саудадағы беделі де біртіндеп нығая түспек.
https://egemen.kz/news/ondiristin-orisi-eksport-otandyq-onim-alem-narygyna-qalay-shygyp-zhatyr
