Бір рет басу арқылы Экспорт: цифрландыру отандық тауар өндірушілерге сату нарығын кеңейтуге қалай көмектеседі. | БАҚ біз туралы | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

БАҚ біз туралы

Бір рет басу арқылы Экспорт: цифрландыру отандық тауар өндірушілерге сату нарығын кеңейтуге қалай көмектеседі.

Цифрландыру бүгінде тек тиімділікті арттыру құралы ғана емес, сонымен қатар жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігіне айналды. Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды, ал технологиялар шикізаттық емес экспортты дамытудың басты жеделдеткішіне айналуда.

Стратегиялық бағыт: тапсырмалардан нақты шешімдерге дейін

Цифрлық экожүйені дамыту ел басшылығының ерекше бақылауында. Мемлекет басшысы IT-сектордың зияткерлік меншік қалыптастыруы мен экспортқа бағытталуы бойынша басымдықтарды нақты белгілеп, цифрлық теңгені және банкаралық QR-төлемдерді енгізуге ерекше назар аударуда.

Өз кезегінде, жақында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық форумында үкімет бизнестің өмірлік циклін толық цифрландыруға — тіркеуден бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейін — басымдық беріп отырғаны атап өтілді.

Осы тұрғыда 27 наурызда форум аясында «Бәйтерек» холдингі мен Astana Hub арасында меморандумға қол қойылуы маңызды қадам болды. Енді технопарк резиденттері болып табылатын 1,5 мыңнан астам IT-компания Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінен ( «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы ) және Қазақстанның Даму Банкінен, сондай-ақ басқа да кредиттік ұйымдардан қаржылық және сақтандыру қолдауының кешенді пакетін ала алады.

«Жеке кабинет»: тиімділік пен ашықтық

Отандық тауар өндірушілердің өнімдерін әлемдік нарықтарға ілгерілетуге Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі цифрлық трансформацияға басымдық бере отырып қолдау көрсетуде. Агенттікте қаржы секторы бизнес пен азаматтар үшін барынша қолжетімді, ашық әрі ыңғайлы болуы тиіс деп есептейді.

– Бизнестің кедергісіз цифрлық ортасын қалыптастырудағы нақты қадам ретінде 2024 жылдың желтоқсанында біздің негізгі жобамыз – «Экспорттаушының жеке кабинеті» іске қосылды, – деп атап өтті Агенттік басқарма төрағасы Аллен Чайжұнусов. – Нақты уақыт режимінде несиелерді мониторингтеу сервистерін және бизнеске арналған цифрлық платформаларды құру тәжірибесін зерттей отырып, біз bgov.kz порталымен интеграцияланған платформаны жасадық. Біз үшін бұл тек интерфейс емес, стратегиялық шешімдер қабылдауға арналған деректерді жинау құралы, ал бизнес үшін – мемлекеттік қолдауды онлайн режимде алу мүмкіндігі.

Бүгінде шамамен 150 кәсіпорын осы платформа арқылы Агенттіктің өнімдерін пайдаланып отыр. Оларға сақтандыру мен кепілдік беруден бастап, экспорт алдындағы қаржыландыруға дейінгі 20-дан астам құрал қолжетімді.

Порталда өтінімнің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылауға, құжаттарды қағаз нұсқаларынсыз жүктеп, алмасуға, сондай-ақ бірыңғай клиенттік базаны қалыптастыруға мүмкіндік бар. Мұның бәрі өтінімдерді қарау мерзімін қысқартып, экспорттық тәуекелдерді азайтады.

Отандық экспорттаушылар «Жеке кабинет» платформасының артықшылықтарын жоғары бағалап үлгерді. Кәсіпкерлердің пікірінше, ең басты артықшылық – онлайн форматқа көшу. Бұл қағазбастылықтан құтқарып, өтінім беру үдерісін барынша ашық етті.

«Экспорттаушылар витринасы»: Made in Kazakhstan сапа белгісі

Цифрлық күн тәртібін іске асырудағы келесі қадам «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық платформасының (https://export.bgov.kz/) іске қосылуы болды. Бұл ресурс қазақстандық өнімді жаһандық нарықтарға ілгерілетудің тиімді құралына айналып, шетелдік сатып алушылар мен бизнес-серіктестерге бағытталған.

Негізінен бұл – Made in Kazakhstan тауарларының сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттері көрсетілген кеңейтілген каталог. Ол шетелдік клиенттер үшін қазақстандық өнімдер мен өндірушілерді іздеуді жеңілдетіп, іскерлік байланыстар орнатуға қолайлы цифрлық орта қалыптастырады. Қазірдің өзінде сайтта 64 экспорттаушының 220-дан астам тауары ұсынылған және бұл тізім күн сайын толықтырылуда.

— Платформада тек біздің агенттік тексерісінен өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі болып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл кезінде сенімді арттырады, — деп түсіндірді Аллен Чайжұнусов.

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің трансформациясы — цифрлық сервистерді іске қосудан бастап, бизнес-модельдерді талдау үшін жасанды интеллект қолдануға дейін — экспорттаушылар үшін ыңғайлы цифрлық ортаны қалыптастырып отыр. Бұл сыртқы нарықтарға шығуды жеңілдетіп, мемлекеттік қолдауды әрбір отандық өндіруші үшін қолжетімді әрі түсінікті етеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Агенттік қазақстандық экспорттаушыларды 650 млрд теңгеден астам сомаға қолдады. Жалпы алғанда, 120-дан астам экспорттаушыға қолдау көрсетілді, оның ішінде 20 компания бұл қолдауды алғаш рет алды. Қолдау көрсетілген жобалардың 70%-дан астамы шағын және орта бизнес сегментіне тиесілі, ал жүзеге асырылған бастамалардың жиынтық экономикалық әсері 2,3 трлн теңге деп бағаланады.

Ағымдағы жылы Агенттік алдында сервистерді одан әрі цифрлық трансформациялау және бірыңғай экожүйе қалыптастыру, сондай-ақ экспортты қолдауды кеңейту және жеткізу географиясын ұлғайту міндеттері тұр. Бұл, соның ішінде, екінші деңгейлі банктермен бірлесіп экспорттық кредиттерді портфельдік сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру сияқты жаңа құралдарды енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

consultation Кеңес ал!